ИСАНЫҢ МУЗЕЙІ

Иса атамның музейі туралы айтуға бірер сөз айтуға құқым бар сияқты. Иса атамыз туралы 60-шы жылдардың шенінен бастап әртүрлі шаралар қозғала бастады. Сонымен, 1970 жылы күз айында Исаның 70 жылдығы жақсылап өтті. Алматыдан келген адамдарға, облыстың аудан басшылары біздің үйде ас берді.  Сол күннен бастап  мектепте  бір класс бөлмесінде стенд ұйымдастырылды. Исаның материалдары ақырын-ақырын жинала бастады. Содан былай мақсатым да, ойым да музей деген ұғымда болып жұмыс жүргізе бердім. Ақырында 90 жылдыққа қарсы музей ашыңдар деген бұйрықта жетті.

Жолдасым  Бексұлтанов  Нариман Үлгілі елін 20 жылдан аса басқарған азамат еді. Жүрегіне Новосибирскіде операция жасап, денсаулығы өте нашарлаған кезі. Көп күтім керек болатын. Менің музейге беріліп жұмыс істегенде ол кісіге оңай болмады. Менің ойымды мазалаған осы жұмысты жан-тәнімен беріліп мен жүрмесем кім жүреді. Себебі туыспын және Ертіс ағам мен Мәкен тәтемен саналы өмірде тығыз байланыстымын. Жиналған материалдарды он бөлімге бөліп музейге кірістік. Облыстан жіберілген  суреттермен  безендірушілер барлығы орыстар. Эскизін қағазға түсіріп мәтіндерін жазып отырдым. Әуелі неден бастасам деген ойыма шежіре түсті. Сонымен, не керек кіреберісте оң жақтағы қабырғада:

1. Исаның портреті, сол қолда шежіре

  1. Исаның көзқарасы
  2. Иса-ақын
  3. Иса-композитор
  4. Иса-әнші, әртіс, композитор
  5. Исаның-жанұясы

7. Иса-халықтың жүрегінде

8. Иса-сұрапыл соғыс жылдарында

9. Иса еліндегі халық театры, балалар студиясы.  

10. Бір қабырға тұтас сурет «Ақбөпе» мен «Құралай сұлу»   поэмаларыннан  табиғат көрінісі мен табиғат кейіпкерлерді көрсеттім.

Ел-жұрт түгелі атсалысып сол кездегі нәрселерді жиып-теріп не керек республика деңгейіндегі үлкен музей ашылды. Сол 90 жылдық тойға келгенде Ертіс аға риза болып Күләш сенің қолынан бір нәрсе шығатынына сенуші едім, деп маған өте зор баға берді. Еңбегім бағаланды. Медальмен марапатталдым. Исаның 100 жылдығында музей жаңа жобамен қайта жасалды. Бірақ бұрынғы материал азайып қалған сияқты. Ендігі бір қорқыныш бар, сонда Исаның музейінің халі не болады? Ойластыратын мәселе. Ауылдағылар қалаға көшіп жатыр, мектеп жабылса, музейдің жағдайы қалай болады, мені сол ой мазалайды...

Әбиева Күләш Әбиқызы «Еңбек ардагері»

«Қазақ  ССР халың ағарту ісінің озық қызметкері»

Медаль «За доблестный труд»

 «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері.


 

АҚЫН АТЫНДАҒЫ МЕКТЕПТЕ

(Музейден репортаж)

 Ертіс-Омбы  аралығындағы үлкен тас жолдан атақты ақын Исаның туған ауылы –«Үлгіліге» бұрылғанда екі қабатты әсем үй бірден көзге шалынады.  Бұл Иса Байзақов атындағы мектеп үйі. Сырты қызыл қиыршық таспен сыланып, ақ бояулы сызықтармен әшекейленген. Мектеп жақсы қоршалған. Аула ішінде оң жақта Исаның ескерткіші тұр. Көптен армандап жүрген ойымыздың орындалғанына көңіл толып, мектеп ішін асықпай аралап көрдік. Таза, жарық, кең кластар кабинеттер жеткілікті. Екінші қабатына көтерілгенімізде ерекше бір өнер әлеміне енгендей болдық. Қабырғаларда Иса шығармаларының мазмұнына бояумен салынған үлкен суреттер. Ортасында домбырасын қолына ұстап ақынның өзі тұр. Екінші қабаттағы кең зал ақынның музейі саналады екен. Музей 10 бөлімнен тұрады. Олар,Байзақовтар әулетінің  шежіресі"Исаның көзқарасы", "Иса-ақын","Иса - артист",  "Иса  - әнші, композитор",  "Исаның, балалары","Сұрапыл жылдар" т. б. деп аталады. Осы соңғы бөлімнің суретшісімен, экспонаттарымен танысып  жүргенімізде аталас қарындастарының бірі, мектептің математика пәнінің мұғалімі және осы музейдің директоры Күләш Әбиева кездесіп былай деді:- Соғыс жылды Иса аға ел аралап, концерт қойып, содан түскен бір миллион сом ақшаны майданға көмекке беріпті. Мына"Сұрапыл жылдар" деген бөлім сол туралы. Ал мына "Иса халық жүрегінде" деген бөлім ақынның юбилейлерін тойлауға арналған. Сонымен бірге біздің ауылдағы халық театрының, балалар студиясының өнерлері туралы фото-көріністер қойылған. Музейде"Балалар студиясы" деген фотостенд, Алматыдағы қазақ драма театрының Иса шығармаларына байланысты жарнамалары бар. «Ақынның балалары» деган фотостенд те қызықты. Міне екі боласының ортасында өзі отыр. Сол жағында моряк костюмін киген Ертіс, оң жағында қызы Мақпуза. Оқырмандар үшін тағы бір таныстырып айта кетейік, Мақпуза Москвада театр институтын бітірген, Казақ республикасына еңбегі сіңген артист еді,1989 жылы қайтыс болды, ал ұлы Ертіс философия ғылымының кандидаты, доцент болатын, әкесінің тоқсан жылдық тойында болып, бір айдан соң ол да дүниеден өтті. Әке, ата істерін жалғастырып жатқан ұрпақтар баршылық. Мысалы Құралай Ертістің қызы Қазақ мемлекеттік университетінде кафедра меңгерушісі, ал Қырмызы Алматы консерваториясында қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Ертістің әйелі Фарида Тілеубердинова Қазақтың қыздар институтанда қызмет істейді. - Осы музей қашан ұйымдастырылды?- деп сұрадық біз Күләш Әбиевадан. -Музей ашу үшін материалды 1987 жылдан жинай бастадық. Әдейілеп ашылғаны былтыр. Иса ағаның баласы Ертіс көп көмектесті. Музейде Иса аға ойнатып тыңдаған патефон, қызы Мақпузаның әкесінің "Ақбөпе" поэмасын оқып тұрған пластинка бар.  Николай Ановтың Иса туралы "Ән қанаты" деген кітабы газетте жарияланған көптеген мақала, очерктер де жиналды. Алдағы уақытта Исаның үй-музейін ашамыз ба деген ойымызбар,- деді Күләш.Жергілікті мектептің мұғалімдері балаларға музей экспонаттары туралы әңгімелеп, Исаның әндері жазылған 8 пластинкаларды ойнатып, тәрбие сағаттарын осында да өткізетін көрінеді.Былтыр Исаның 90 жылдығы құрметіне мектепте "Байзақов оқулары" деген арнайы он күндік өтіпті. Онда ақынның "Құралай сұлу" поэмасы бойынша оқырмандар конференциясы. Иса шығармаларының тақырыбына сурет көрмесі, тақпақтар конкурсы. Исаны көрген-білген ақсақалдармен кездесу болыпты. Әрбір класс ақынның "Кербезсұлу", "Наз қоңыр", "Бүгін дала",  "Қарағанды" және басқа әндері мен желдірмелерін жеке-жеке орындапты. Исамен түйдей құрдас биыл 91 жастағы Нұрке Оразалінов ақсақал, ақынды білетін 70 жастағы Шәмкенов Қаңғырбай осы ауылда тұрады.Мектепте өткен онкүндіктің өзінің арнайы әділ қазылар алқасы болып, олар оныншы күні қорытындысын шығарған.Музейде сонымен бірге Иса ұстаған домбыра, майданнан хаттар, әдебиет және өнер институты сыйға тартқан үлкен тасқұмыра, мектеп оқушыларына берілген грамоталар, жерлес ақын- жазушылардың кітаптары бар. Ғалым жерлесіміз Қаныш Сәтпаевтың алматылықтар музейге сыйға тартқан портреті, жергілікті халық театрының фотостендтері, мектеп өмірінен де қызықты фотомонтаждар ілінген. Мысалы, бір суретте мектептің бұрынғы оқушысы, неміс қызы Ольга Кремер Исаның "Кербезсұлуын"қазақша орындап, ал 9 класс оқушысы Күміс Балпекова  "Наз қоңырын" айтып тұр.Қысқасы, музей бізге өте ұнады. Осында арнайы ашылған альбомға музейді көрген ақын-жазушылар Аманжол Шәмкенов, Сәкен Жүнісов, Сарбас Ақтаев, Баққожа Мұқаев, Қазақ республикасының депутаты Қ.Шәбенов сияқты белгілі адамдар өз пікірлерін жазып, алғыс-тілектерін айтыпты.Музейді аралай жүріп біз Исаның өмірбаянымен, творчествосымен толық танысып шықтық Иса ақын осы "Үлгіліде"1900 жылы кедей семьясында туған. Байлардың малын бағып балалық кезі өтеді. 1921 жылы Орынбордағы жұмысшылар факультетіне оқуға түседі, одан кейін Қазақтың халық ағарту институтында студент болады.  1925 жылы Қазақ драма театрына қызметке түсіп, ақындық шеберлігін шыңдайды, әдебиетінен,ақындық өнермен бірыңғай айналысады.   1923 жылы оның  "Ұлықұрылыс" атты бірінші өлеңдер жинағы шығып, ал 1926 жылы Ташкентте "Құралай сұлу" поэмасы жарияланады. Әдебиет пен өнер саласындағы еңбекшілері үшін ақын Еңбек Қызыл Ту орденімен наградталған.  Нағыз творчестволық кемел шағында 1946 жылы 3 қазанда ақын қайтыс болды. Біз жергілікті мектептің оқытушылары мен оқушылары Иса ағаларының ісін қалай жалғастырьп жатқанын білу үшін оқу-тәрбие жұмысының барысымен таныстық.Үлгілі  орталау мектебі  аудандағы байырғы оқу орындарының бірі. Бұл мектептің  түлектері қазір республиканың түкпір-түкпірінде, халық шаруашылығының әр саласында еңбек етіп жүр. Мысалы, Алма Қожахметова Алматы консерваториясында сабақ береді, Сайлау Жұматов-Қазақтың Мемлекеттік университетінде математика пәнінің оқытушысы. Аманкелді Құсайынов та осы жоғары оқу орнында тарихшы, доцент, Сабыр Ажікенов Архангельскіде офицерлік қызметін жалғастырып жүр, Мәдениет Махамбетов өзіміздің Ертіс аудандық арухананың бас дәрігерінің бірінші орынбасары, Жексен Қайыржанов - Целиноград проректоры, Ғалым Жұматов,- "Қазақстан мұғалімі" газетінің тілшісі, Ермек Жұматов  Краснокутскі ауданында  "Қазақ тілі" қоғамының төрағасы, Жұматовтар әулетінде дәрігер де, әдебиетші де,тарихшы да бар, Қасқырбай Серікбаев, Рәшит Әкімовтар – ауылшаруашылығы ғылымының кандидаттары.Осы мектепте қазір  19 мұғалім бар, олардың он бірі жоғары білімді қалғандары пед.училище бітірген немесе институтта сырттан оқиды. Коллективте тәжірибелі мұғалімдер аз емес. Олар, мысалы, қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін аға оқытушы Тілектес Қозыбаева, 22 жылдық тәжірибесі бар физик Кенжеш Ахметова, 27 жыл математикадан сабақ беріп келе жатқан Күләш Әбиева,  Қайкен Әкімова - тәжірибелі математик, Шақабай Жампейсов - суреттен сабақ береді, оның қолөнері кабинеті аудандық байқауда бірінші орын алды. Жас мұғалім   Алтын Жүсіпова ұйымдастырған домбырашылар оркестрінде 42 оқушы ойнайды, аудандық кейбір мәдени көркем шараларды осы оркестр ашады. Мектепте өз сабақтарын жақсы беретін Майжамал Әбілшайхова, Төлеген Қияғанов, Алтыншаш Құрымсинова сияқты мұғалімдер де бар.  Мектеп директоры Ахмет Рамазанұлы Назақаев  - республика халық ағарту ісінің озық қызметкері, 35 жыл педагогтық қызметінің 25 жылын мектеп директоры болып атқарып келеді,тарихшы, Қазақтың Мемлекеттік университетін бітірген.Иса Байзақов атындағы осы мектептің тоғыз класында қазір 100 бала  оқиды. Бір  тоғызыншы класс ғана орысша, қалғандары қазақша, ал келесі  оқу жылында бұл оқу орны орта  мектепке айналып, түгел қазақша оқытатын болады.Мектепте өнер мен әдебиетке, эстетикалық  тәрбиеге көп көңіл бөлінеді. Айта кетсек артық  болмас, «Үлгілі» ауылындағы халық театрында мұғалімдер де көп рольдерді  орындайды. Соңғы жылдары олар жергілікті ақын Қабек Сағитовтың Исаға арнап жазған"Айқас" ертедегі ауылдық Кеңестің сайлауы туралы деген пьесасын, М.Ақынжановтың "Алтын сақина", С.Шәймерденовтың «Дөкей келе жатыр» деген пьесаларын қойды. Осы халық театрын кадрлармен толықтырып отыратын балалар студиясы "Достар" деген пьесаны жарыққа шығарды. "Үлгіліде" драма үйірмесі соғыстан бұрыңғы жылдары болған қазіргі жас өнерпаздар солардың  ісін жалғастырып, 1981 жылы халық театры атанды.Мектепте де әртүрлі әдеби-мәдени шаралар жиі  өткізіледі. Мысалы, жауынгерлік әндер байқауы, Диқаншы күні,  Байзақовтық оқулар қызық өтеді. Оларға қонақ ретінде ата-аналар да шақырылады. Кейбір ата-аналар тәрбие сағаттарын өткізуге қатысады. Ата-аналар мектептің жөндеу жұмыстарына да жақсы көмектеседі. Мектептің өзінің қосалқы шаруашылығы ұйымдастырылған. Онда 0,5 гектар огород, көкөніс өсіретін тәжірибе участогі,асхана үшін халықтың өзі берген 80 қой бар.Әңгіме соңында айтарымыз,"Үлгілідегі" мектеп коллективі атақты Исаның атына сай оның ісін лайықты жалғастырып, әр-қашан үлгілі бола беруіне тілектеспіз.

Н.ӘБДРАХМАН0В.

КСР0 Журналистер Одағының мүшесі,

аудандық  "Ертіс нұры"газеті  редакторының орынбасары.

(27 қыркүйек 1991 жыл. № 78 Ертіс нұры)


Көше атаулары

Алматы, Павлодар қалаларының және  Ертіс  ауылының  бір-бір көшелері Иса Байзақов есімімен аталады.

1980 жылы ақынның 80 жылдығына орай Ертіс ауданының орталығы мен ақынның туған ауылы Үлгілде Исаның бюсті орнатылған.

1968 жылы Үлгілі орта мектебіне Иса Байзақов есімі берілді. Қазіргі 6-шы ауыл  ЖШС Иса Байзақов есімімен атау жөнінде шешім қабылданды.

Павлодар облыстық филармониясының симфониялық оркестрі Иса Байзақов атымен аталады, ол 2012 жылы ұйымдастырылды. 

2000 жылы облыстағы әдебиет ұйымы И.Байзақов атындағы әдебиет бірлестігі болып құрылды.

 

 

Error