Көкіш Әміржанұлы

Жатырмыз міне тойлап 100  жасыңды.

 Үн қосып домбыраның шанағына,

Тамсантып тыңдаушыны талабына.

Қос шектен күңрентіп қазақ үнін,

Арқаның өрістеткен алабына.

 

Қалдырып жиырмасыншы ғасыр ізін,

Өлеңнің елестетіп қоңыр күзін.

Кешегі Әмірханның тарланындай,

Бөлеген дарынымен жердің жүзін.

 

Дариға-ай кімнен қалмас мына жалған?!

Бұл күнде әнін есту болды-ау арман...

Ертек қып тауда қыран, түзде тоты,

Өзі айтқан аңыз боп мәңгі қалған.

 

Жатырмыз міне тойлап жүз жасыңды,

Ұмыстпас халқың сіздей шын асылды.

Жалғастырып ұрпағың өнеріңді,

Тойламақшы алдағы сан ғасырды.

 

Аруағың риза болсын, Иса-аға,

Қазақтың біртуары жетпес баға.

Өзің шыққан халқыңның бақыты осы-

Егеменді ел болдық міне жаңа.

 

Серік Құсанбаев

Исаға

 

Ертістің кең даласы боз қараған,

Еріксіз елжірейді көз қараған.

Осы елде Иса сынды дүлдүл туып,

Қазақта теңдесі жоқ сөз қалаған.

 

Даласын дүбірлеткен дауыл ақын,

Елім,- деп, ет-жүрегі ауыратын.

Алаштан ат оздырып, бар қазаққа,

Паш етті шағын ғана ауыл атын.

 

Жырыңмен тау суындай тасқындаған,

Арманның асқар белін астың бабам.

Тұңғиық сезімімді селт еткізіп,

Айқара жыр қақпасын аштың маған.

 

Айбыным, Алатауым, ардақтаған,

Әр сөздің қорғасындай салмақтаған.

Кешегі өзің салған сара жолмен,

Мен бүгін болашаққа самғап барам..

Ілияс Оспанұлы

Жыр нөсері ақын Исаға

 

Нөсерлетіп жырдың сөлін ағызған.

Нәрлі жырдан жанға шәрбәт тамызған.       

Дауыл ақын, жауын ақын, найзағай,  

ақын Иса, саған ұрпақ қарыздар.  

   '

Дастан еттің ғашықтықтың сырларын

Өмір салтын өлен еттің, жырладың   

                 Назарыңнан қалыс қалып көрген жок                   

Қыз табиғат, орман, көлдер, қырларың.      

 

Ақбөпені, Құралайды сөз еттін.  

Ғашық сыры дастанына өзек-ті        

Аясында әр Алтайдың Сұлушаш,      

Ер Алтайлар күтіп тұрды кезекті.

                                  

Көбік шашып, тасқындады жырағын.

Көркем сөздер болды өзіңнің шырағың.      

"Он бір күнмен он бір түнді" жырласан,       

Болат құстар болды мінген пырағың.

                                  

Сен білмеген жаңалық жоқ елімде         

Қалтарыстар қалған емес жерімде.   

Шұғыла шашқан Казақстан шығыстан        

Жырға толды бақытты елім менің де.

 

Сендей дарын қайталанар демеймін,

Жезтандай ең бүлкілдеген көмейің.

Сен қалтырған дастандары ақтарып,

Желдірмеңді желмая етіп желейін.

 

Ерте кеттің арамыздан мәңгіге,

Қалды-ау талай шертілмегең әңгіме...

Алатаудай асқар етіп қалар ең, 

Жырларыңды тау қып үйіп Әлемге. 

 

Сұлу еді-ау өлең-жырын жұп-жұмыр.

Биік еді-ау Иса шыққан бұл тұғыр.

Қалды-ау талай туындылар үлгермей,   

Қалай қысқа, қандай келте бұл ғұмыр?!

 

Есімізден кетпес мәңгі дауысың.

Кесек еді-ау көркем сөзде табысың.

Ғасырлардан ғасырларға жетер-ау,   

Сенің үнің, жырың, Иса, арысым!

 

 Ғалымбек Жұматов 

Үлгілі

 

Жырымен ашқан әрбір күннің ақ таңын

Ақын Иса қазағымның мақтаны

Толғанды ма тым шағындау ауылға

Үлгілі деп ат қоятын шақта мың.

 

Ұнатты ма тоғайды өңір келбетін,

Сарғалдағы жаулап алар жер бетін,

Қарасуы тасып өткен шағында,

Жайсыздау боп көрінбейтін сел де тым.

 

Қайтқан суы кезек беріп желекке

Көлде балық өзі түскен шелекке

Қазотыда мамырлаған қоңыр қаз

Қиқулаған шағаласы желөкпе

 

Сезді ме әлде алдағысын ауылдың

Бет алысын шапшаң ұғып дәуірдің

Үлгілінің халқы ілгері ұмтылды

Бірлігімен жеңіп сәтін ауырдың.

 

Жерге жықпай Иса ақынның тілегін

Бір тастамай ауыры мен күрегін

Байтақ жатқан даласында қазақтың

Көп қатарға қосты  іргелі бір елін.

 

Егін ексе жайқалады танады

Сиыр сүтті, қойы егіз табады

Шалғай ауыл жиектеген өзенді

Өзгелерден ерте сезер жаңаны.

 

Шағын ауыл көп қызыға қараған,

Үлгіліден шартарапқа тарады ән.

Театр да бастау алды осында,

Жастары көп актерлікке жараған.

 

Білімділер ауылдан жол бастады

Академик-бір белестен асқаны

Жазушы, ақын, суретшінің елі бұл

Өнер жауған бұлтсыз күнде аспаны.

 

Иса ақын сезінеді ме осыны,

Бөлегірек танылды ма пошымы,

Үлгілі деп кеткен еді ат қойып,

Әлі үлгілі дүлдүл ақын қосыны.

 

Жастілек Баязов

ИСА   ТУРАЛЫ   ОЙ

 

Жас қалып ата-анадан, жетім өскен

Тағдырдың неше түрлі  уын  ішкен.

Жасымай қиындықты жеңіп шығып

Атақты Иса атанып гұмыр кешкен.

 

Аруды Шәрбәнудай ғашык еткен

Ғажайып махаббаттың  күйін  шерткен.

Шабытты өнерінің  дүлей  күші,

Бет қайтпас тау мен тастан қайсар еткен.

 

Жасынан өмір сырын ұққан Иса,

Ақ жолын  әділеттің тұтқан Иса.

Қарсы алып Октябрьдің жаңа таңын,

Өнердің қиясына шыққан Иса.

 

Ағытқан өлең-жырдың арғымағын,

Исаның құрметтейік аруағын.

Өзі ақын, композитор, әнші-артист,

Айтыскер теңдесі жоқ асқан дарын.

 

Осынша өнер біткен бір басына,

Иса ақын керемет қой расында.

Дауысы түстік жерден естіліпті,

Кешқұрым ән шырқаса қыр басында.

 

Жырлаған үш күн,үш түн «Арқалықты»,

Қабілеті есте сақтау болған мықты.

Айтыста жан шақ келмей тең келетін,

Дес бермей  қарсыластың бәрін жықты.

 

Халықтың мұң мен зарын жанмен ұққан,

Тұманын қараңғылық жарып шыққан.

Жарқын жүз, ер-ұланын ұмытпайды ел,

Ұлы өнер иесін қадір тұтқан.

 

Кезінде  талай топты таңдандырған,

Қазақтың ұлт-өнерін жандандырған.

Мезгілсіз дертті өмірі қиылғанмен,

Артына өлмес мұра жыр қалдырған.

 

Небары өмір сүріп 46 жыл,

Сарқылмай дария тасқынды жыр.

Арманда жастай кеткен ұлы дарын,

Жұлдызы мәңгі сөнбес жарқырап тұр.

 

Туғанда жаңа заман, жаңа ғасыр,

Шабыты ақындардың судай тасыр.

Еске алып Иса ақынның 100 жылдығын,

Елімде той болады ұлан асыр.

Самат Мәненұлы

ИСА БАЙЗАҚОВТЫҢ 110 ЖЫЛДЫҚ ТОЙЫНА АРНАУ.

Ән салып той тойлаған салтым менің,

Өнермен, өнерлімен жарқын көгім,

Қазаққа  Иса ақындай ұл сыйлаған,

Армысың ақ пейілді халқым менің.

Армысың алтын бесік ақ отауым,

Армысың өнердегі Алатауым.

Үлгілі өнердегі киелі жер,

Ақ мекен Иса атаның, дана атаның.

Басқадан биік сенің шаңырағың,

Өңірде өзің ғана табынарым,

Толғанып жүрегімнен жыр жазамын,

Риза етем бе деп аруағын.

Жырлайын бақуатты ғасырымды,

Жырлайын жүректегі асылымды.

Торқалы тойларына ұсынамын,

Ағайын аз да болса шашуымды.

Дарын ең туа біткен ән бойына.

Әнші едің бұлбұл қонған таңдайына.

Жұлдызы ең жарқыраған маңдайында,

Қалай сыйып жатырсын жер қойнына,

Ән, жырдың таусылмайтын бұлағы едің.

Сусындап мөлдіріне тұрады елің,

Сүйінбай, Жамбылдан соң айтыстағы,

Алдына жан салмаған Құлагерім.

Кім болсын тыңдар болса «Желдірмені»,

Жүректе жыр туындап, ән түледі.

Ән-жырдан , қара жаяу талай жанның,

Көңілін желмаядай желдіреді.

Дауысың таудай құлап аққан судай,

Мәртебең Алатауда аппақ шыңдай,

Көрінбей көк жиектен жүрегіңмен,

Халқыңмен жетерсің көп  ғасырға-ай!

Той тойлау, ата дәстүр – салтым менің,

Той болса көңілім шат жарқын көгім,

Үлгілі көңіліне шаттық сыйлап,

Той болып өтсін дәйім әр күндерің.

 

Error