Иса Байзақов

Қазактың  әдебиет   жұртшылығына   Исаның   есімімен шығармалары көптен белгілі. Оның өлең, поэмалары бүкіл халық арасына кең таралып, жатқа айтылып - ел жүрегіне сіңіп  кетті. Иса қазақ совет поэзиясында поэмалардың қалыптасып дамуына елеулі  үлес қосқан ақын.

Исаның алғашқы кезде жазған өлеңдерінің бірі - «Ленин». (1924 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде басылып шықты.  Мұнан кейінгі  жылдарда  Исаның  өлең,  поэмалары  Қазақстанның республикалық газет-журналдарының бетінен іргелі орын алып отырады. 1924-1944 жылдар арасында ақын «Ұлы Октябрь»,  «Біздің еңбек», «Миллиондаған жалшымыз», «Жасасын қызыл болаттар», «Қордайдан өткенде», «Горький», «Көктем», Сталиндік ұлы заң», «Қарталы темір жолы», «Киров каналы» атты толып жатқан лирикалы өлеңдер жазумен бірге, қазақ  Совет әдебиетіне аса бағалы қазына болып қосылған «Құралай  Сұлу», «Алатау неге шаттанды» (1929 жылы), «Ұлы құрылыс» (1933 жылы). «Алтай аясында» (1934 жылы), «Он бір күн, он бір түн» (1939 жылы), «Кавказ» (1940 жылы), «Ақбөпе» (|94І  жылы), «Қырмызы, Жанай» (1940 жылы бастап жазып ақталмаған) атты белгілі поэмаларын жазады.

Театрларда, ойын-сауық бригадаларында істеуіне байланысты Исаның аса маңызды бір творчестволық қызметі – ән-өлеңдерге лайықтап сөз (текст) жазуы. 1927- 40 жылдар арасында Иса әндерге, музыкаға, сахнада айтуға байланысты 40- тан аса өлең, жырлар жазып, оларды өзі де айтып және Қазақстанға белгілі әнші артистер арқылы таратқан. 1927 жылы Біржан мен Сара айтысын театрда ойнауға лайықтап пьесаға айналдырып жазған. Ән, өлеңдерінің ішінде Исаның өзі тыңдап әнін бірге шығарып жазған «Желдірме», «Қарағанды» сияқты белгілі тақпақтары бар. Өлең, поэмалары бірінен соң бірі басылып таралумен байланысты енді Иса тек айтыстың ғана ақыны емес, жазба әдебиеттегі іргелі ақынның қатарында танылады, оның поэмалары қолдан-қолға түспей оқылып, халық арасында ауызша таралып кетеді. Оның патриоттық өлең, жырлары мен поэмаларын қазақ әдебиет жұртшылығы аса жоғары бағалап, қабыл алады. Совет әдебиетін өркендетудегі ақындық еңбегі үшін Иса 1939 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен наградталды.

Иса жалғыз жазба ақын ғана емес, халықтың жиынтобының ортасында суырыпсалып өлең айтатын халық ақыны, әнші-артист, әңгімеші, жыршысы дедік. Жазумен қатар Иса үнемі қазақтың алыс түкпірдегі ауылдарының көбін аралап жүріп, өлең жырын айтты. Барлық жерлерде халық оны қошеметпен қарсы алып, оның күшті ақындықпен айтқан өлең, жырларын айрықша ықылас, құмарлықпен тыңдады. Әсіресе, ол колхоздарды аралағанда ондағы колхоз тұрмысымен болған күні танысады да, кешкі жиналған мезгіл, сол колхоздың жайын қолма-қол жырлап береді, стахановшыларын көтере мақтайды, жалқауларын қатты сынайды, одан әрі сол жиылған халықтың қалауы бойынша әртүрлі тақырыптарға өлең шығарып айтады.

Исаның Отан соғысы кезіндегі ақындық қызметі аса маңызды болды. Ұлы Отан соғысы басталысымен ол өзінің бұрынғы басталған ауыр сырқатына қарамастан колхоздарды аралауға аттанды. Ол - Жамбыл, Алматы, Талдықорған, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарының колхоздарында болды. Совет халқының неміс - фашист басқыншыларына қарсы ерлік күресін, майдандағы совет армиясының даңқты батырлықтарын, тылдағы халықтың қажырлы еңбекпен майданға көмек көрсетіп жатқандықтарын кең жырлап отырады. Ол өзінің патриоттық күшті өлеңдерімен колхозшыларды еңбек ерлігіне, майданға азық-түліктей, ақшалай көмек беруге шақырды. Исаның осы кездегі ақындық қызметі туралы Жамбыл облыстық газетінде былай деп жазылған:

«Иса Жамбыл   ауданының  ондаған  колхоздарында  болды.  Ол суырыпсалып   айтқан   жырларында   Мәлік   Ғабдуллин, Төлеген Тоқтаров және басқа жауынгер қазақтардың ерлігін жырлады. Ол тылдағы қажырлы еңбек ерлігі туралы, ССРО халықтарының достығы туралы, партияның басшылығы және Ленин   Сталиндік ұлт саясаты туралы, Қызыл Армияға көмек мол беру туралы жырлады».  Иса колхоздарда ақындардың айтысын ұйымдастырды. Отан соғысы кезінде колхоздарды аралағанда Иса қазақтың ауыз әдебиетіндегі белгілі батырлар жайлы жырларды, өзінің вариантымен де жырлайды, орыс халқының тарихындағы Александр Невский, Кутузовты, совет халқының даңқты қолбасшы батырлары - Чапаев, Фрунзены, Сталин жолдастың қолбасшылық, батырлық образдарын, Отан

соғысының даңқты батырларын жырлайды. Кейде ақын орыс, қазақ яки Орта Азия халықтары әдебиетінен оқыған ерлік уакиғаларды да ауызша дастан етіп жырлап отырған. Мәселен Иса  «Шаһнамадан» Рүстем Зарап әңгімелерін, Б. Полевойдың "Геройдың тууы» деген очеркіндегі Совет Одағының батыры Мәлік Ғабдуллиннің ерлігі туралы уақиғаларды, генерал Панфилов, Төлеген Тоқтаров, 28 батыр туралы жазылған ерлік уақиғаларды - барлығын да колхоз аралаған мезгілдерде қолма-қол айтып, тамаша қызықты түрде жырлап отырған. Бірақ бұл ауызша жырланғандары қағазға түсірілмей, сол ауызша  айтылған күйінде қалып қойған. Қысқасы Отан соғысы кезінде ақын бір тыным алмастан майдан жеңісі үшін аянбай қызмет істейді.

Ол, Отан - халық алдында өзінің бойындағы барлық ақындық талантын, жігер-қуатын түгел жұмсап, творчестволық  жұмысқа жан-тәнімен берілген ақын еді. Өзінің бір өлеңінде:

«Еркін күшпен өрлеймін,

Өмірім ұзақ өлмеймін.

Міне, мен жалшы тілімін,

Жарлы жайын жырлайтын,

Қажымайтын, талмайтын

Еңбекші таптың ұлымын»

деп жазған еді. Шынында да ол ақындық жолда қажу, кеюі тоқтап қалу дегенді білмейді. Үлкен творчестволық жазу үстінде, немесе қызу қызмет кездерінде ол демалу, тынығу дегенді мүлде ұмытып, өзін-өзі күтпейтін де еді. Сондықтан ол көкірек ауруына шалдығып, әр уақыт жатып қалып, емделіп жүрді. Оның ол сырқаты, әсіресе 1945 жылдары едәуір дендей бастады. Ақыры сол ауруынан айыға алмай, ұзақ жатып, 1946 жылы сентябрьдің 3 де Алматы қаласында қайтыс болды.

Е.Исмаилов.

Иса Байзақов т.3./Павлодар -2010 ж./

 

Error